Тарих

Қазақстан почтасының терең тамырлы тарихи дәстүрі бар. Патшалық Ресейдің почта-телеграф байланысының мұрағаттық қорларынан белгілі болғандай, 1860 жылы Верныйде (Алматы қаласы) бірінші почталық байланыс бөлімшесі ашылып, көп ұзамай ол почта-телеграф кеңсесі болып қайта құрылды. Ал 1883 жылы оған 14 почталық байланыс бөлімшесі бағынатын болды. Кейінірек Сырдария облысының Тәшкенттегі почта кеңсесіне бағынатын Перовск (Сырдария өзені бойында) қалалық почта бөлімшесі, Ростов телеграф округінің Нарынқұм теміржол бекетіндегі Нарынқұм (хан ордасы) почта бөлімшесі, Орал губерниялық почта-телеграф кеңсесі, Петропавл уезінің Петропавл почта бөлімшесі, және басқалар ашылды.

Сонымен қатар төңкеріске дейінгі ұлан-байтақ қазақстан аумағында барлығы 250 почта-телеграф кәсіпорны болды. Олардың өзінде шенеуліктер мен жандармерияға және жергілікті ақсүйектерге қызмет етті. Шалғай ауылдарда почта сирек кездесетін еді. Жергілікті жерлерде почта ашу үшін тұрғындар үш жыл бойы почтаны өздері тегін тасуға, баспанамен және керек-жарақтармен қамтамасыз етуге, көбіне почта қызметкерлерінің штатын өздері ұстауға міндеттеме алуы тиіс болатын

Почта байланысының арзан болуы үшін почта идарасы (атты)-почта бекеттері және болыстық басқарма жанында қосымша пункттер ашты. Ондай пункттерде почта жұмыстарын жүргізу болыстық старшиндар мен писарларға жүктелді. Атты-почта даңғыл жолдарының жалпы ұзындығы 20 мың шақырым шамасында болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясының почта шаруашылығына үлкен зиян тигізсе, азамат соғысы және басқыншылық жылдары ол барынша әлсіреді. Елдегі хат-хабарлар тасымалдау жүйесі бүлінді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жойылуы даңғыл жолдар бойымен почта тасу санын азайтты, почта бекеттері іс-жүзінде барлық аттарынан айрылды.

Азамат соғысынан кейін Кеңес үкіметі почта байланысын аса зор күйзелістен шығаруға, оны тұрғындар мен халық шаруашылығының қажеттілігі үшін пайдалануға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырды. Мысалы, салмағы 15 гр-ға дейнгі хаттар тегін жіберілетін, мерзімді басылымдарға жазылу почта бөлімшелері арқылы жүргізілетін болды, сондай-ақ, почта бөлімшелері жанында басылымдарды тасымалдау және бөлшек сауда арқылы сату ұйымдастырылды, почта тасымалдау көліктері әскери мақсатпен алынбайтын болды,

Жиырмасыншы жылдардың басында Орынбор қаласындағы Қырғыз әскери комиссариаты жанындағы почта-телеграф басқармасы Қырғыз почта-телеграф округы болып қайта құрылды, ал 1925 жылдың аяғында ол ҚСРО Почта және телеграф Халық комиссариаты жанындағы Қазақ облыстық байланыс басқармасы деп аталатын болды. Сол жылы почтаның даму тарихында тұңғыш рет ауылдық хат тасушы лауазымы құрылды, Алыстағы ауылдарға почта қызметін көрсету үшін тұйықталған атты почта жүйесі енгізілді. Қалаларда атты почта автомобильдермен ауыстырылды, идаралық кемелер мен теміржол көліктері пайдаланыла бастады. 1929 жылы біздің республикадағы бірінші почталық әуе желісі Алматыны Тәшкенттпен байланыстырды. 1930 жылдың басында Қазақстандағы почта-телеграф кәсіпорындарының саны 1250-ге, ал почталық даңғыл жол ұзындығы 42 мың км-ге жетті.

1932 жылы Почта-телеграф Халық Комиссариаты Қазақ КСР Халық Комиссариаты Кеңесі жанындағы Байланыс Халық Комиссариаты деп қайта аталатын болды. 1940 жылы Қазақстандағы байланыс кәсіпорындарының саны 1987-ге жетті және 20 мың км почта даңғылы механикаландырылды.

Ұлы Отан соғысы почта алдына барлық жағдайда армияда, тылда, фронт пен тыл арасында сенімді және тұрақты байланыс орнату туралы қиын да, жауапты да мәселе қойды. Көптеген білікті байланысшылардың армия қатарына алынуына байланысты соғыстың бастапқы жылдары почта үшін аса ауыр болды.

1946 жылдың наурыз айында Қазақ КСР ХКК жанындағы КСРО Байланыс Халық Комиссариатының уәкілеттігі Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы КСРО Байланыс министрлігінің Уәкілеттігі деп қайта аталды. 1950 жылы республикада 2438 почта кәсіпорны (олардың 2083-і аулдық жерлерде) болды

1954 жылы 25 желтоқсанда КСРО Байланыс министрлігінің Уәкілетті Басқармасы Қазақ КСР Байланыс министрлігі болып қайта құрылды, Почта және электр байланыстары сол министрліктің бірыңғай «Байланыс» саласын құрды. Алпысыншы жылдардың ортасында Қазақстанда толық қанды қызмет көрсететін 4000 байланыс бөлімшесі жұмыс істеді. Бұл кезеңде почта саласы тиімділікпен жұмыс істеді, бірақ, барлық табыс электр байланысын дамытуға жұмсалды. Зейнетақы жеткізуден және телеграф-телефон қызметін көрсетуден алынатын табыстар Жалпы кірістің негізгі бөлігін құрады. Қазақстан тәуелсіздік алып, егеменді ел болғаннан кейін саладағы жағдай күрт өзгерді. Қазақстандағы почта саласы (халық шаруашылығының барлық саласы сияқты), ел экономикасының түбегейлі өзгеру кезеңіндегі баға еркіндігіне және бұрынғы Кеңестер Одағының қалыптасқан почта байланысы жүйесінің бұзылуына байланысты орын алған белгілі қиындықтар мен проблемаларға кезікті. Мұның өзі почта жөнелтімдері санының және бүкіл республика бойынша байланыс бөлімшелер санының азаюына әкеліп соқты.