| 29.06.2007
Қазақстан сарапшылары Қырғызстанның пошта саласын реформалауға көмектесуде
Бішкекте Ислам Даму Банкінің (ИДБ) Қырғыз Республикасы поштасын реформалау бойынша техникалық гранты аясында мемлекеттік кәсіпорын «Кыргыз почтасы» ұйымдастырған қорытынды конференция өтті. Конференцияға тәуелсіз сарапшылар (кеңесшілер) ретінде «Қазпочта» АҚ қызметкерлері, Президент Әкімшілігі, Үкімет, Жоғорғу Кенеш, Көлік және коммуникациялар министрлігі, Ұлттық банк және халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты.
2007 жылы ақпанда Ислам Даму Банкі мен қазақстандық пошташылар ішіндегі сарапшылар тобы арасында келісім жасалды. Келісім аясында техникалық көмек ретінде Қырғыз Республикасының мемлекеттік поштасын реформалау, жаңарту және дамыту жөніндегі бағдарламаны дайындау қарастырылған.
«Қазпочта» АҚ Басқарма Төрағасы, Байланыс саласындағы аймақтық достастықтың (БАД) Пошта байланысы операторлар кеңесінің Төрағасы Дәурен Молдағалиев конференцияда өзінің «Қазақстан пошта қызметінің реформасы» тақырыбындағы баяндамасында пошталық қызметтермен қоса банктік қызметтерді көрсететін қазақстандық поштаның реформалау кезеңдерін түсіндіріп, Қазақстандағы пошта-жинақтау жүйесінің соңғы жылдары қол жеткен нәтижелерін атап өтті.
ИДБ тәуелсіз сарапшылар тобына жетекшілік еткен «Қазпочта» АҚ қаржылық директоры Айман Ишмұхамбетова «Мемлекеттік пошта қызметін реформалау, жаңарту және дамыту бағдарламасы» атты баяндамасында Қырғыз Республикасы пошта саласының ұйымдастырушылық-нормативтік, экономикалық жағдайына сараптама жасады. Сарапшылар ТМД елдері мен алыс шетелдің алдыңғы қатарлы пошта әкімшіліктерінің халықаралық тәжірибесін есепке ала отырып, реформалау жолдары бойынша кепілдемелер берді.
Сонымен қатар тәуелсіз сарапшылар негізгі мақсаттар, реформалар міндеттері мен күтілетін нәтижелері көрсетілген Қырғыз Республикасы Пошта саласы мен пошта-жинақтау жүйесінің 2007-2011 жылдарға даму бағдарламасын ұсынды.
Бағдарламаның негізгі стратегиялық мақсаты Қырғызстан Республикасының бүкіл аумағында халық, экономика субъектілері мен мемлекеттік басқарманың пошта-қаржылық қызметтеріне қоятын талаптарын толық орындайтын халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін тиімді пошта-жинақтау жүйесін құру болып табылады.
Аталған мақсатқа қол жеткізу пошта операторының рыноктық жағдайда қызмет етуіне, соның ішінде пошта инфрақұрылымын жаңарту үшін өзін-өзі қаржыландыру, өзінің құнын өтеу мен сыртқы инвестиция көздерін тартуға өту мақсатында мемлекеттік кәсіпорынды акционерлік қоғамға айналдыруды ұйғарады.
Қырғыз Республикасы Үкіметі тәуелсіз кеңесшілер ұсынған реформалау жолдарын қолдаған жағдайда банктік қызмет көрсетуге рұқсат беретін лицензиялар негізінде көрсетілетін қызмет аясын кеңейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту мен пошталық қызмет сапасын көтеру мақсатында қазіргі заманға сай технологияларды ендіру, қаржылық жағдайды жақсарту және пошта қызметкерлерін материалдық ынталандыру күтілуде.
Бұл өз кезегінде мемлекетке әлеуметтік бағытталған бағдарламаларды, соның ішінде зейнетақы жүйесі, ауылды аймақтарды дамыту, кіші және орта бизнесті дамыту сияқты бағдарламаларды іске асыруда бұтақталған пошта желісін жан-жақты қолдануға мүмкіндік береді.
ТМД елдері аумағында Қазпочта бірінші болып жапон даму моделін негізге ала отырып пошта-жинақтау жүйесін құрастырды. Бүгінде Қазпочта бұл жүйені енгізген бірден-бір пошта болып табылады. “Қазпочта” акционерлік қоғамының толыққанды пошта-жинақтау жүйесін құрастырудағы қызметінің нәтижесі Байланыс саласындағы аймақтық достастықпен сәтті деп бағаланды. Ал Қазақстандағы жаңа пошта жүйесінің даму моделі Достастық елдерінің пошта әкімшіліктеріне болашағы зор даму жолы ретінде ұсынылды.
2003 жылы ИДБ мен “Қазпочта” АҚ арасында Қазақстан пошта саласын жаңарту жобасын іске асыруға қаражат бөлу туралы келісім жасалды. Бұл жылдар ішінде аталған жобаның басты мақсатына қол жеткізілді – жаңа технологиялар ендіріліп, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл өз кезегінде пошта қызметі мен пошта-жинақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырды.
Ислам даму банкі пошта саласын халықаралық несиелеудің алғашқы тәжірибесі «Қыргыз почтасы» жобасын іске асыруға сарапшылар ретінде тартылған «Қазпочта» АҚ қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен топ-менеджментінің епті басқаруының арқасында сәтті өтті деп санайды
«Қазпочта» АҚ Президенттің өткен жылдың басында қабылдаған қаулысымен құрылған «Самұрық» мемлекеттік холдингінің құрамына кіреді. Қазіргі кезде «Қазпочта» акционерлік қоғамының үстіміздегі жылдың сәуірінде құрылған «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингіге ауысуы жөніндегі шаралар іске асырылуда.
|