| 28.09.2007
«Ғали Ормановтың туғанына 100 жыл» атты көркем суретті пошта маркасы
2007 жылдың 28 қыркүйегінде «Қазпочта» АҚ республика аумағында пошта айналымына Ғали Ормановтың 100 жылдығына орай көркем суретті пошта маркасын шығарады.
Қазақтың белгілі ақыны Ғали Орманов 1907 жылы Алматы облысы Қапал ауданындағы Ешкіөлмес ауылында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдері 1928 жылдан бастап жариялана бастады. Білім беру саласында, «Социалистік Қазақстан» газеті мен «Әдебиет және Өнер» журналының редакциясында бірнеше жыл жұмыс істеді. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар Одағында хатшылық қызмет атқарды. 1939-1945 жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы болды. Тұңғыш жинағы «Шеңбер» деген атпен 1934 жылы басылып шықты. Бұдан кейін «Көтерме» (1935) әңгімелері мен очерктерінің жинағы, «Абысын сыры» прозалық жинағы жарық көрді. Ұлы Отан соғысы жылдары «Халық қаһарман», «Емен» өлеңдер жинағын шығарды. Ақынның поэзиясы айшықты тілінің ажарымен, оның асыл қазыналарын қолдану шеберлігімен ерекшеленеді. «Өмір дастаны», «Бөбек жүрегі», «Сәт сапарда», «Ой қанаты», «От өзен», «Жер қазығы», «Жыр қанаты», «Жылдары жыры», т.б, өлең жинақтарында әлеуметтік оқиғаларды суреттеуде ақындық шеберлік танытты. 1950 жылы «Таңдамалар шығармалар» жинағын ұсынды. Ғ. Орманов шығармаларының негізгі тақырыбы – заман шындығы. Ақын жырлары өткірлігімен, образдарының көркемдігімен әрі үйлесімділігімен өзгешеленеді.
Ақын әлем әдебиетінің көптеген таңдаулы үлгілерін қазақ тіліне аударды. Ол Ленин, Еңбек Қызыл ту, Қызыл жұлдыз ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
«Ғали Ормановтың туғанына 100 жыл» атты көркем суретті пошта маркасы, номиналы 25 (жиырма бес) теңге, таралымы 50 000 (елу мың) дана. Маркалар перфорациясы жоталы, төрт түсті бояумен офсеттік тәсілмен, Пекиндегі (ҚХР) пошта төлемі белгілерінің фабрикасында басылып шыққан, маркалар өлшемі 33 х 27,5 мм, суретші Данияр Мұхамеджанов.
Марканы пошта айналымына енгізу рәсіміне ақынның қызы Жамиға Орманова мен «Қазпочта» АҚ Адам ресурстары бойынша департаментінің директоры Маханбетәлі Ізмаханов қатысты.
|