«Қазпочта» Акционерлік Қоғамы



07.04.2008

Егемен Қазақстан почтасының 15 жылдығы

2008 жылдың 4 сәуірінде Астана қаласы Бейбітшілік және Келісім Сарайында Егеменді Қазақстан почтасының экономиканың жеке сегменті ретінде құрылғанына 15 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.

Бұл күні Қазақстан почта қызметкерлерін Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің Төрағасы Қуанышбек Есекеев, Байланыс саласындағы аймақтық достастық атқарушы комитетінің Бас директоры Нұрыдин Мұхитдинов (Мәскеу), Үкімет мүшелері, шетел почта әкімшілік өкілдері, серіктестер мен почта саласының ардагерлері құттықтауға келді.

Салтанатты шара Егеменді Қазақстан почтасы құрылғанының 15 жылдығына орай көркем суретті почта маркасын айналымға енгізуден басталды. Естелік өшіру рәсіміне «Қазпочта» АҚ Басқарма Төрағасы Дәурен Молдағалиев және «Қазпочта» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Ульф Вокурка қатысты.

Почта саласының үздік қызметкерлеріне «Құрметті байланысшы» наградасы мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың атынан алғыс хаттар табыс етілді.

15 жыл – тұтас тарихи кезең, онда зор ауқымды еңбек пен маңызды жетістіктер, атап айтқанда, 1992 жылғы 20-наурызда тәуелсіз Қазақстанның «Алтын Сарбаз» маркасын айналымға енгізу; 1999 жылғы 16-тамызда Дүниежүзілік почта одағының EMS Кооперативіне мүше болып ену; 2003 жылғы 8-ақпанда «Почта туралы» Заңды қабылдау; 2004 жылы Азия-Тынық мұхиты почталық одағында бақылаушы мәртебесіне ие болу; 2004 жылғы 5-қазанда Дүниежүзілік почта одағының XXIII конгресінде Одақтың атқарушы органы ДПО Әкімшілік кеңесіне сайлану; 2007 жылы «EMS Kazpost» қызметінің Дүниежүзілік почта одағы EMS кооперативі сертификаттауының қола деңгейіне қол жеткізу; 2007 жылдың желтоқсанында сапа менеджменті жүйесінің халықаралық ИСО 9001:2000 стандартына сәйкестілік сертификатын алу; 2007 жылдың желтоқсанында ассоциацияланған VISA мүшесі мәртебесіне ие болу және қазақстандық-герман «Kazpost GmbH» бірлескен кәсіпорнын ресімдеу жатыр.

Осы жылдар ішінде компания оңтайлы өндірістік және қаржылық нәтижелерге қол жеткізді. Ұзақмерзімді салалық даму бағдарламалары аясында Қазпочта жұмысы сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылды. Атап өтетін болсақ, бірінші кезекте почталық желіні қайта құру мен жаңартуға бағытталған жоба. Аталған жобаны көптеген ауыл тұрғындары бағалап та үлгерді. «Қазпочта» АҚ өзінің күнделікті жұмысымен халықаралық деңгейге сәйкес келетін сапалы қызмет көрсету, шын мәнінде, компанияның барлық басқару деңгейлері мен өндірістік бөлімшелерінде басымды міндет болып табылатынын дәлелдеді. Ал тұтынушыларды қанағаттандыру - жұмыс мақсаты мен нәтижесі болып табылады.