«Қазпочта» Акционерлік Қоғамы



23.07.2008

Дүниежүзілік почта одағының XXIV конгресі өз жұмысын бастады

2008 жылдың 23 шілдесі мен 12 тамызы аралығында Женева қаласында (Швейцария) Дүниежүзілік почта одағының (Universal postal union) конгресі өтуде. 1992 жылдан бастап, Қазақстан әлемнің 193 елін біріктіретін Дүниежүзілік почта одағының толық құқылы мүшесі болып табылады.

Дүниежүзілік почта одағы (ДПО) 21 ұлт қол қойған Берн Почталық Келісімінің негізінде 1874 жылы 9 қазанда «Ортақ почталық одақ» деген атаумен құрылды. ДПО міндеттерінің ішінде барлық елдерде почталық аумақты құру мен ұлттық почта жүйесін жетілдіру бар. ДПО барлық мүшелерінен тұратын UPU Congress - Дүниежүзілік почта конгресі ДПО-ның жоғарғы органы болып табылады. Конгресс почталық конвенцияларды қайта қарастыру мен жасасу үшін 4 жылда бір рет шақырылады. 40 мүшеден тұратын атқарушы кеңесті Конгресс сайлайды. Почталық зерттеулер бойынша кеңес беруші кеңесті де келесі конгресс мерзіміне дейін Конгресс сайлайды. Халықаралық бюро (Одақ хатшылығы) – тұрақты жұмыс істейтін орган. ДПО штаб-пәтері Берн қаласында (Швейцария) орналасқан.

Өзінің 134 жылдық тарихында UPU Конгресі тек бір рет Африкада – Каирда 1934 жылы өткізілді. Дүниежүзілік почта одағының соңғы Конгресі 2004 жылы Румынияда өтті. Форумға ДПО-ға мүше 190 елдің 173-і қатысты. Пленарлық мәжілістер мен комиссиялар жұмысы Парламент сарайында өтті. Конгресс шеңберінде 23-25 қыркүйек аралығында «POST-EXPO 2004» почталық технологиялар мен «EFIRO 2004» филателистік көрмесі өтті. ДПО Халықаралық бюросының бас директоры болып Эдуард Дайян (Франция) сайланды.

Конгрестің 36 мәжілісінде қатысушылар ДПО басқарушы органдары - Әкімшілік Кеңес (ӘК), Почта пайдаланымға енгізу кеңесі (ППК) мен ДПО Халықаралық Бюросы (ХБ) қызметі туралы есептерді, Жоғары деңгей тобы мен ӘК Кеңес беруші тобының қызметтері жөнінде есептерді, сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде әлемдік почта саласы дамуының негізгі бағыттарын анықтаған Пекин почта стратегиясының іске асуы туралы есепті тыңдап талқылады.

Конгресс барысында қатысушылар почта қызметтері жұмысы сапасын жақсартуға, әлемдік почта инфрақұрылымын дамытуға, көрсетілетін қызметтер кешенін, соның ішінде қазіргі ақпараттық технологияларды есепке алғанда, почта әкімшіліктері ұсынатын қаржылық қызметтер түрін кеңейтуге бағытталған бірқатар шешімдерді қабылдады.

Женева қаласында өтетін Дүниежүзілік почта одағының UPU Congress 2008 Конгресінде Дүниежүзілік почта дамуының түбегейлі жоспары қабылданатын болады. Бұл жоспардың орындалуы ДПО-ның ең маңызды мақсаттарының бірі – барлық мемлекеттерде почта байланысы қызметін тұтынушылардың мүдделерін ескеретін бірегей дүниежүзілік почта кеңістігін құруға өз септігін тигізу.

Қазақстан Республикасының делегациясы құрамына «Қазпочта» АҚ топ-менеджменті мен мамандары, сонымен қатар, Қазастан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің өкілдері кіреді. Бұл Конгресте Қазақстан Республикасы ДПО Әкімшілік кеңесі және Почта пайдалану кеңесінің мүшесі ретінде ұсынылатын болады. Қазақстан Республикасы 1994 жылы Сеулде өткен және 2004 жылы Бухарестте өткен Конгресте Әкімшілік кеңестің мүшесі болып тағайындалды, әлі де соның мүшесі болуда. ӘК және ППК мүшесі бола отырып Қазақстан басқа мүше-мемлекеттермен бірігіп почта секторының дамуына өзінің оңды пайдасын тигізе отырып, почта қызметтерінің даму жобасының жалпы жоспарын іске асыруға түрткі болмақшы.

1 тамызда Конгресс барысында Қазақстан почта әкімшілігі өзінің 15 жылдық мерейтойына ұштастырып салтанатты іс-шара өткізеді.