«Қазпочта» Акционерлік Қоғамы



26.09.2008

Қазақстандық почтаның 15 жылдығына орай өткізілетін автожарыс

2008 жылдың 27 қыркүйегінен 8 тамызына дейінгі аралықта Қазақстан аумағында егеменді еліміздің почтасы құрылғанына 15 жыл толуына орай автожарыс өткізіледі. Оған «Қазпочта» АҚ басшылығы мен қызметкерлері қатысады.

Аталған іс-шараның басты мақсаты - шалғай жатқан почта байланысы бөлімшелеріне барып, қазіргі почта жұмысы туралы айтып беру және почта ұсынатын жаңа қаржылық және почталық қызметтерге ауыл тұрғындарының назарын аудару болып отыр. Автожарыс бағдарының жалпы ұзындығы – 4500 шақырым. Ол әрекет етіп отырған почталық бағдарлар арқылы өтеді.

Бұл шара трофи-рейд түрінде өтеді. Жол бойында автожарысқа қатысушылар жаңа почта байланысы бөлімшелерінің ашылуына қатысып, почта байланысы облыстық филиалдары мен аудандық тораптарына барып шығады, онда почта саласының үздік қызметкерлері мен ардагерлерін мадақтау рәсімі өтеді.

Автожарыс облыстық филиалдар арасында қазақстандық почта туын тапсыру эстафетасын қамтиды. Автожарыс Қазақстанның 7 аймағынан өтеді - Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары, Алматы, Талдықорған, Үшарал, Аягөз, Семей, Курчатов, Баянауыл, Қарағанды, Сәтбаев, Қызылорда, Түркістан, Қордай және т.б. қалалар мен елдімекендер арқылы өтеді.

Автожарыс Алматыда Алматы почтамты ғимаратының жанынан басталады. Мұның тарихи мәні бар, себебі Алматы почтамты ғимаратында орнатылған сағат, Қазақстанның өзіндік гринвич меридианы болып табылады. Оның барлық жағынан сәуле секілді еліміздің түкпір-түкпірі мен республикамыздан тыс жерлерге почталық бағдарлар таралады.

Автожарыс Алматы қаласында 8 қазанда, яғни 1874 жылы Дүниежүзілік почта одағы құрылған күннен бастап аталып өтетін Дүниежүзілік почта күнінен бір күн бұрын аяқталады.

Автожарыстың демеушілері «БИПЭК АВТО» мен «Альянс полис» сақтандыру компаниясы.

Автожарыс бағдары төмендегі картада бейнеленген: