«Қазпочта» Акционерлік Қоғамы

02.06.2010

Аудандық торапқа Жазықбаев есімі берілді



2010 жылғы 14 мамырда «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалына қарасты Мартөк аудандық пошта байланысы торабында ерекше тұсаукесер салтанаты өтті.
«Қазпошта» АҚ Басқармасының 2009 жылғы 13 қарашадағы шешімімен аталған бөлімшеге 1957 жылы еңбек жолын осы бөлімшеден бастап, бүкіл саналы ғұмырын байланыс саласының дамуына арнаған және 1993-2007 жылдары Қазақстан поштасын басқарған Әлібек Қасымұлы Жазықбаевтың (1938-2009) есімі берілген болатын. Салтанатты тұсаукесер осы шараға арналды.
Әлібек Қасымұлына арналған ескерткіш тақтаны ашу үшін Мартөкке «Қазпошта» акционерлік қоғамы Басқарма Төрағасының орынбасары А.Айнақұлов мырза мен Әлібек Қасымұлының жары Шаракүл Жұманазарқызы Алматыдан арнайы барды.
Тұсаукесерге облыс, аудан әкімшілігі өкілдері, облыстық филиал, аудандық торап басшылары мен жұмыскерлері, сондай-ақ, аудан жұртшылығы жиналды. Аудандық пошта байланысы торабына Әлібек Қасымұлының аты берілгені туралы қазақша-орысша жазу мен Әлібек Қасымұлының бейнесі салынған мәрмәр ескерткіш-тақта жиналған көпшіліктің ду қол шапалақтауымен салтанатты түрде ашылғаннан кейін, аудандық тораптың даму тарихы, Әлібек Қасымұлының осында өткізген еңбек жолдары, сонымен қатар, жалпы Қазақстан поштасына сіңірген өлшеусіз еңбегі ортаға салынды.
Пошта байланысы саласының көрнекті тұлғасы, қоғам қайраткері Әлібек Қасымұлының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатындағы осы шара туралы ақпараттық материалдар аудан, облыс баспасөз беттерінде жарияланып, жергілікті телеарнадан көрсетілді.
Аталған тұсаукесер шарасы компанияның абыройын еселеген игілікті іс болғандығына сөз жоқ. Өйткені, ерлерін ұлықтаған елдің болашағы жарқын. Біз тұлғаларымызбен мақтанамыз.

Суреттерде: Тұсаукесер рәсімінен көріністер.